Ахмет Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық мектеп-гимназияда Ақтөбе қалалық білім бөлімі «Әдістемелік кабинет» КММ жоспарына сәйкес «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институты» және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірлесіп, 2023 жылы 14 сәуірде мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, лингвист-ғалым А. Байтұрсынұлына арналған «АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҰЛТ ҰСТАЗЫ» атты І облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция мақсаты:білім беру ұйымдарында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының мұрасын насихаттау арқылы қазақ тілінің мерейін көтеру, қоғам қайраткерінің ел келешегі жолындағы өлшеусіз еңбегін дәріптеу.
Конференция өз жұмысын пленарлық жұмыстан бастады. Пленарлық отырысқа Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтанғалиева Жанат Сәлімкерейқызы, “Өрлеу БАҰУ” АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институты, “Жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі” кафедрасының бас әдіскері, гуманитарлық ғалымдар магистрі Адилханова Марал Тенелевна өз баяндамаларын ұсынды. Конференция облыстық деңгейде өткенімен, елордамыз Астана қаласынан Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қабылов Мейіржан Рамазанұлы конференцияға қатысуға сұраныс түсіріп, пленарлық отырыста зум платформасы арқылы өз баяндамасын ортаға салды.